Таразда жалған құжатпен мемлекеттен пәтер алған әйел анықталды
Ол пәтер алу үшін жалған анықтама қолданған

Тараз қаласында мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз жолмен иемдену фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қадағалаушы органның мәліметінше, қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне жалған құжат тапсырған әйел мемлекеттік қызметші ретінде өзін көрсетіп, «Ұлы Дала» ықшамауданынан екі бөлмелі пәтер алған.
Сараптама анықтаманың жалған екенін дәлелдеді
Сараптама қорытындысы бойынша, әйел тапсырған анықтама жалған болып шықты. Прокуратураның нұсқауымен 2025 жылғы 22 шілдеде Тараз қаласы полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
Жалған жолмен алынған пәтер мемлекетке қайтарылады
Қазіргі уақытта аталған пәтерді мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтару процедурасы жүріп жатыр. Кейін бұл баспана нақты мұқтаж жандарға беріледі.
«Тұрғын үй заңнамасының сақталуын тексеру кезінде анықталған бұл факті – әлеуметтік әділеттілікке қайшы келетін әрекет. Мұндай жағдайлар халықтың сеніміне селкеу түсіреді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға ескерту
Мамандар пәтер алуға өтініш берген азаматтарды заңды жолмен құжат рәсімдеуге шақырады. Жалған мәлімет берудің салдары қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.