Шерзат ісі бойынша сотталғандардың бірі түрмеден босап шықты
Басты күдікті 23 жылға сотталып кетті

Қоғамда үлкен резонанс тудырған марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Думан Ысқақ түрмеден босап шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталған жас жігіттің босап шыққаны туралы ақпаратты Шерзат Полаттың ісін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев айтты.
«Шерзат ісі бойынша апелляциялық сот мәжілісі 2025 жылдың 18 тамызы күні сағат 11:00-ге Алматы облысының сот ғимаратында өтеді.
Сонымен қатар, Думан Ысқақ бірінші сатыдағы сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеп қойғандықтан Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекованың 2025 жылғы 23 шілдедегі сот қаулысымен бұлтартпау шарасы жойылып, ол қамаудан босатылды», - дейді заңгер.
Айта кетейік, Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі жарияланып, Думан Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни ауыр қылмыс туралы хабарламау бойынша 1 жыл 6 айға сотталған. Оның тергеу изоляторында өткізген уақыты есепке алынып, соның негізінде түрмеден босап шықты.
Ал басты күдікті болған Абзал Шынасыл 23 жылға сотталған. Өзге күдіктілерге қатысты сот үкімі:
- Равиль Сакиев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға сотталды.
- Азамат Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), қосымша 188-бап (ұрлық) бойынша бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Нұрқиас Ілиясов – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), бұрынғы соттылығына байланысты 9 жылға сотталды.
- Шыңғыс Белғожаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
- Дархан Әскентай – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Нұрбол Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
- Дидар Қалиахмет – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 айға сотталды.