$ 544.87  639.02  6.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақмола облысында тәрбиеші жұмысынан заңсыз қуылғаны үшін өтемақы өндіріп алды

Ол 600 мың теңгеден астам өтемақы өндіріп алды

Ақмола облысында тәрбиеші жұмысынан заңсыз қуылғаны үшін өтемақы өндіріп алды
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында азаматтық істер жөніндегі сот алқасы тәрбиешінің жалпы білім беретін мекемеге қарсы талап арызын қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жұмыстан заңсыз босатылған тәрбиеші сотқа жүгінді

Іс материалдарына сәйкес, әйел азаматша 2023 жылдың 4 қаңтарында шағын орталыққа тәрбиеші ретінде бір жылдық еңбек шартымен жұмысқа қабылданған. Шарт мерзімі аяқталғаннан кейін 2024 жылдың 4 қаңтарында оны еңбек қатынасының тоқтатылатыны жөнінде алдын ала ескерту болмаған. Алайда 18 қаңтарда жұмыстан босату туралы бұйрық шығарған.

Тәрбиеші сотқа жүгініп, жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, өзін қайта жұмысқа қабылдауды, мәжбүрлі жұмыстан қалу уақытына жалақы төлеуді және моральдық өтемақы өндіруді сұрады.

Сот еңбек шартын мерзімсіз деп таныды

Сот Еңбек заңына сәйкес, жұмыс беруші 2024 жылдың 4 қаңтарына дейін қызметкерді еңбек қатынасының тоқтатылатыны жөнінде жазбаша түрде хабардар етуге міндетті болғанын анықтады. Бірақ ол өз жұмысын жалғастыра берген.

«Демек, еңбек шарты мерзімсіз деп есептеледі», – делінген сот шешімінде.

Сондай-ақ ұжымдық шартта тараптар мерзімі аяқталғаннан кейін қосымша келісім арқылы шартты ұзартуға құқылы екені көрсетілген, бірақ мұндай келісім жасалмаған. 2024 жылғы 5 қаңтарда ұсынылған жаңа шарт тәрбиеші тарапынан қол қойылмаған.

Сотта атап өтілгендей, жұмыс беруші шартқа қол қоюдан бас тарту актісін ұсынғанымен, қызметкерді тиісті түрде шақырып, хабардар еткені туралы дәлелдер келтірмеген.

Сот шешімі: қайта жұмысқа қабылданып, өтемақы өндірілді

Бірінші сатыдағы сот тәрбиешінің талабын толық қанағаттандырды. Ол бұрынғы қызметіне – шағын-орталықтағы тәрбиеші лауазымына қайта орналастырылды. Сонымен қатар 560 728 теңге мөлшерінде жалақы (мәжбүрлі жұмыстан қалған уақыты үшін), 100 000 теңге көлемінде моральдық зиян, өкіл қызметтерінің ақысы өтелді.

Облыстық сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары