Туыстары уәдесін орындамай қойған: Ақмола облысында мүгедек әйел жоғалып кетті
Оқыс оқиға 8 шілде күні болды

Ақмола облысында мүгедектігі бар әйелді іздеу аман-есен аяқталды. Бір тәулікке жуық тоқтаусыз іздеуден кейін ол ауыл шетінде орналасқан қараусыз қалған ғимараттан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалай болды
Оқиға Бұланды ауданында болған. Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылғы 8 шілдеде Бұланды аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғыны, 23 жастағы қыз өзінің нағашы әпкесінің жоғалып кеткені туралы өтініш жасаған. Әйел мүгедектігі бар жан болған, шамамен түнгі 02:30 шамасында үйдің ауласынан өз еркімен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
«Туыстарының айтуынша, ол – ІІ топ мүгедегі, денсаулығында айтарлықтай ерекшеліктер бар: есту қабілеті нашар, сөйлеу қабілеті тежелген. Соған қарамастан, ол белсенді өмір салтын ұстанатын: дүкенге өзі барып, серуендейтін, жақындарымен араласатын», – делінген хабарламада.
Жоғалған әйел туыстарына ренжіп кеткен
Ол жоғалардан бір күн бұрын туыстарына ренжіп қалған. Себебі, жақындары оған алдағы салтанатты шара алдында кірпік жалғау шеберіне ертіп барамыз деп уәде бергенімен, уәделерін орындай алмаған. Осы жағдайдан кейін әйел бүкіл күнін аулада өткізіп, тамақ ішуден және сөйлесуден бас тартқан.
«Соңғы рет оны түн ортасында аулада отырған күйінде көрген. Ал шамамен түнгі 2:30-да туыстары қайтадан сыртқа шыққанда, ол жерде болмаған. Өз беттерімен іздегенімен нәтиже болмаған соң, отбасы полициядан көмек сұрады. Дереу дабыл бойынша полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Әйел қайдан табылды
Полиция қызметкерлері ауыл ішін, саяжай аумақтарын, қонақ үйлерді, халық көп жиналатын жерлерді тексеріп, такси жүргізушілері мен қоғамдық көлік жүргізушілерінен сұрау жұмысы жүргізген.
Тоқтаусыз жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде келесі күні таңғы сағат 4 шамасында жоғалған әйел ауыл шетіндегі қараусыз қалған ғимараттардың бірінен табылды.