Елжан Біртанов коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсті
Денсаулық сақтау министрі жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр
Достар, өздеріңізге жағымсыз жаңалық жеткізуіме тура келіп отыр. Коронавируске тапсырған соңғы тесттің нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын, деп жазды Facebook парашасында Денсаулық сақтау министрі.
«Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді. Әсіресе, қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине, COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары. Сондықтан, барша қазақстандықтан «жеке карантин» ережелерін қатаң сақтауды сұраймын. Достар, аурудың алдын алу шараларына мұқият мән беріңіздер», - деп жазды ол.
Министр мынадай симптомдарды байқасаңыз: әлсіздік, басыңыз, тамағыңыз ауырса, дене қызуыңыз көтерілсе - дереу дәрігерге хабарласуды сұрайды.
«Абай болыңыздар! Баршаңызға зор денсаулық тілеймін!», - деп түйіндеді сөзін Біртанов.