$ 538.54  628.31  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

АҚШ-тағы жойқын су тасқыны: 78 адам қаза тапты, оның ішінде 28 бала бар

Техастың бірнеше округінде төтенше жағдай режимі енгізілді

АҚШ-тағы жойқын су тасқыны: 78 адам қаза тапты, оның ішінде 28 бала бар
Фото: Reuters

АҚШ-тың Техас штатында болған алапат су тасқыны салдарынан кем дегенде 78 адам көз жұмды. Бұл туралы соңғы мәліметтерді жергілікті билік өкілдері растады. Құрбандардың 28-і – балалар. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Керр округінде – ең көп шығын

Техас штатының Керр округінің шерифі Ларри Лита жексенбі кешкісін журналистерге берген сұхбатында округте 68 адамның қаза тапқанын хабарлады. Оның ішінде 40-ы ересек, 28-і – бала.

Губернатор Грег Эбботтың айтуынша, көршілес аудандарда тағы 10 адам мерт болған. Осылайша, жалпы құрбандар саны 78-ге жетті.

Төтенше жағдай жарияланды

Кейбір жолдар толығымен қираған, телефон байланысы істемей тұр. Техастың бірнеше округінде төтенше жағдай режимі енгізілді. Губернатор мәлімдеген кезде Керр округінде 59 адам қаза тауып, 41 адам, оның ішінде 10 қыз бала із-түссіз жоғалып кеткені айтылған еді.

Қайғылы оқиға – балалар лагерьінен басталды

Қаза тапқандар мен жоғалғандардың ішінде жазғы демалыста болған балалар да бар. Олар Керрвилл қаласына жақын маңдағы Camp Mystic жазғы лагерінде демалып жатқан. Лагерь маңындағы өзен нөсер жауыннан кейін тасып, бірнеше минут ішінде жағалаудан асып кеткен.

Қатты жауын – жаңа қауіп төндіріп тұр

АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі (NWS) оңтүстік-орталық Техастың Комал округінде тағы да су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті. Қызмет таратқан мәліметке сәйкес, сағатына 100-150 мм аралығында өте қатты жауын тіркеліп отыр.

«Біз төтенше әрі экстремалды жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз», – делінген хабарламада.

Метеорологтар тұрғындарды биік жерлерге көшуге, ал қауіпсіз аймақтардағыларды шұғыл эвакуацияға шақыруда.

АҚШ билігі көмек көрсетіп жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп өз әкімшілігінің Техас билігімен тығыз жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, оның тапсырмасымен елдің ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм зардап шеккен өңірге аттанған.

Серіктес жаңалықтары