Алматыда пәтер тонады деген күдіктілер қолға түсті
Олар пәтерден ірі көлемде ақша ұрлаған

Алматы қаласының Әуезов ауданында орын алған пәтер ұрлығына қатысты жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Күдіктілер күндізгі уақытта пәтерге кірген
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс күндіз жасалған. Күдіктілер кілт таңдау арқылы пәтерге заңсыз кіріп, ірі көлемде ақша ұрлаған. Олардың жеке басы анықталып, көп ұзамай ұсталды.
Бұрын сотталғандар болуы мүмкін
Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Владимир Решетников:
«Ұсталғандар – бұрын сотталған азаматтар. Олар алдын ала жоспарланған тізбек бойынша әрекет еткен болуы мүмкін. Қазіргі таңда олардың қала аумағында жасалған басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Қосымша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деді.
Полиция тұрғындарды сақ болуға шақырады
Алматы қаласының полициясы қала тұрғындарына пәтер қауіпсіздігін күшейтуді ескертеді. Құлыптардың сапасын арттыру, бейнебақылау және дабыл жүйелерін орнату маңызды. Сонымен қатар, аула мен кіреберісте күдікті адамдар байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет.