Алматыда жалған нөмір тағып алып, полициядан қашқан мотоцикл жүргізушілері ұсталды
Олар полицияның ескертуіне құлақ асқан жоқ

Алматы полициясы жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте өрескел бұзған екі мотоцикл жүргізушісін ұстады. Оқиға Шығыс айналма автожолында блған. Жүргізушілердің жолдағы қауіпсіздік талаптарына мүлде бағынбаған маневрлері патрульдік полицияның назарын аудартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірқатар заңбұзушылық тіркелді
Тексеру және бақылау барысында мотоцикл жүргізушілерінің келесі заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды:
- Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің болмауы;
- Жалған мемлекеттік нөмірмен көлік жүргізу;
- Техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқару;
- Маневр жасау ережелерін бұзу;
- Міндетті сақтандыру полисінің болмауы;
- Жүргізуші куәлігінің болмауы;
- Көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан мотоцикл тізгіндеу.
Қуғыннан кейін ұсталды
Мотоциклшілер полициядан жасырынуға тырысқанымен, қуғыннан кейін екеуі де тоқтатылып, ұсталды. Анықталған әрбір құқықбұзушылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, көлік құралдары арнайы айыптұраққа қойылды.
Полиция мотокөлік иелеріне ескерту жасады
Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев:
«Кейбір мотокөлік иелері әдейі қауіпсіздік нормаларын елемей, полиция талаптарына бағынбай жатқаны алаңдатады. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және олар қатаң түрде тоқтатылады. Қазір мотокөліктерге бақылау күшейтілді – рейдтер күн сайын жүргізіліп жатыр. Жүргізушілер жолдағы қауіпсіздік ойын емес екенін есте ұстауы керек. Құқықбұзушылықтар – адамның өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін», — деді.