Қарсы бағытқа шығып кетіп, екі көлікпен соқтығысқан: Астанада Toyota Land Cruiser жүргізушісі көз жұмды
Жол апаты «Арыс» көпірінде болды

Астанада қаладағы көпірлердің бірінде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол апаты 1 шілде күні «Арыс» көпірінде болды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 24 жастағы жүргізуші Toyota Land Cruiser маркалы автокөлікпен Қалдаяқов көшесімен «Арыс» көпірінде келе жатқанда рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Содан кейін инерциямен қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, екі көлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды», – деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде.
Аталған факті бойынша адам өліміне әкелген жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.
Полиция жүргізушілер мен жүргіншілерді жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады.