Қарағандылық зейнеткерден 22 млн теңге жымқырған шетелдік алаяқтар Алматыда ұсталды
Күдіктілер өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырған

Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері алматылық әріптестерімен бірлесіп, интернет-алаяқтық фактісін анықтады. Нәтижесінде, Алматы қаласында көрші елдің екі азаматы ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырған
77 жастағы Қарағанды тұрғынына қоңырау шалған күдіктілер өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырған. Олар зейнеткердің жинақтарын «қорғау қажет» екенін айтып, барлық ақшаны өз еркімен беруге көндірген.
Әйел бастапқыда алаяқтардың құрбаны болғанына сенбеген. Тек полицейлермен ұзақ сөйлескеннен кейін ғана шындықты түсінген.
22 миллион теңге тәркіленді
Жедел тінту кезінде күдіктілерден жалпы сомасы 22 миллион теңге тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция ескертеді: банк деректерін бөтен адамға бермеңіз!
Полиция азаматтарға қауіпсіздік мақсатында келесіні ескертеді:
- Жеке және банк деректерін бөгде адамдарға жария етпеңіз;
- Телефон арқылы келген нұсқаулармен ақша аудармаңыз;
- Ешбір банк немесе полиция қызметкері телефон арқылы ақша талап етпейді.
Күмәнді қоңырау немесе хабарлама алған жағдайда бірден 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласыңыз.