Павлодарда бүлдіршіндерге дөрекілік танытқан балабақша мұғалімі жазаланды
Ол балаларға дөрекі сөйлеп, қатыгездік көрсеткен

Павлодар қаласындағы №121 бөбекжайда болған даулы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ата-аналар музыка пәні мұғалімінің балаларға дөрекі қарым-қатынасын айыптап, оны сабақтан шеттетуді талап етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Сәуірде шағым түсірген, маусымда видео жарияланды
4 сәуір күні «Капитандар» тобының ата-аналары балабақша әкімшілігіне музыка жетекшісінің балалармен дөрекі сөйлеп, қатігездік танытқаны туралы ресми өтініш жолдаған.
Маусым айында сол жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралып, қоғамдық наразылық туғызды.
Камера жазбалары мен сабаққа талдау жүргізілді
Балабақша әкімшілігі ата-аналар мен музыка жетекшісінің қатысуымен бейнебақылау жазбаларын қарап, 3 сәуірдегі сабаққа талдау жасаған.
«Сабақтың әдістемелік тұрғыдан қателіктерге толы болғаны анықталды. Мұғалім балаларға дауыс көтеріп, оларды дөрекілікпен орындыққа отырғызған», – деп хабарлады Павлодар қалалық білім бөлімі.
Мұғалімге сөгіс жарияланды
11 сәуірде педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтіп, оның нәтижесінде музыка жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс алды.
Бұл бірінші жағдай емес: №116 балабақшада да зорлық дерегі тіркелді
Жуырда №116 балабақшада тәрбиешінің балаларды шашынан тартып, шапалақпен ұрып, жұлқып, ұрған сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын.
Аталған жағдай бойынша облыстық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр.