Назарбаев зияткерлік мектебінен шығып қалған оқушы аттестат алды
Оқушының Назарбаев зияткерлік мектебінен қуылу оқиғасы көпшіліктің назарын аударды

Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған 11-сынып оқушысы Сұңқар аттестат алып, мектепті тәмамдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірнеше апта бұрын болған оқиға қоғам назарын өзіне еріксіз аударды.
Оқиға қалай болды?
Оқушының Назарбаев зияткерлік мектебінен қуылу оқиғасы көпшіліктің назарын аударды. Оқушының ұстазға тіл тигізіп, мектептен шығарылуына байланысты қоғамдық пікірлер екіге бөлінді.
Әлеуметтік белсенді Аида Бұқаева Facebook парақшасында Сұңқарды Алматы қаласындағы мектептерге екі күн бойы апарып, оқушының жаңа мектепке қабылдануын қамтамасыз еткенін айтты.
«Сұңқарды екі күн бойы Алматының мектептеріне тасыдым. Бізді күзде 11-сыныпқа қабылдаудан қорықпаған мектептерге шын жүректен алғыс айтамын. Нақты білемін, мені оқып отырғандардың арасында бізден бас тартқан мектептер де бар. Сіздер жеңілдіңіздер.
Көптеген адам ата-ананың жауапсыздығы туралы жазыпты. Бірақ Сұңқардың ата-анасы керемет жандар. Ол – үйіндегі жалғыз бала. Тарихи Отанына оралу атасының үлкен арманы болды. Ол Қытайдағы жоғары лауазымын және жоғары мәртебесін өз Отанына айырбастап, шекарадан өту барысында үлкен қиындықтарға ұшырады. Ата-аналары орыс тілін білмейді. Сондықтан олар Назарбаев зияткерлік мектебінің басшылығынан және мектеп әкімшілігінен қысым көрді. Бірақ мен Сұңқардың әке-шешесін жақыннан танып білген соң, бір нәрсеге сенімдімін, олар оған жақсы тәрбие берген.
Бүгін Сұңқардың көзінен қуаныш байқалады. Иә, оңай болған жоқ. Барлық жақтан қысым болды», - дейді Аида Бұқаева.
Ол мектебін аяқтап, ҰБТ-ға дайындалып жүр
Әлеуметтік белсендінің айтуынша, ол Алматының №8 мектебін тәмамдаған.
«Сұңқар дайын болмаса да экзаменнің бәрін бірде бір үштік бағасыз тапсырып, аттестатын алып шықты. Енді оның ҰБТ-ға өтуін күтіп отырмыз. 2025 жылдың түлегі ретінде оның құқығы бар.
Балалар ғана емес үлкендер де қателеседі. Жазалаймыз деп түңілдіріп жіберуге болмайды. Әйтпесе мұндай жазаның ешқандай мәні жоқ», - деп жазды желі қолданушысы.
Айта кетейік, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы емтиханға телефонмен кіріп, мұғалімді боқтағаны туралы ақпарат тараған болатын.