Астанада Си Цзиньпиннің сапарына байланысты бірнеше көше жабылады
16–18 маусым аралығында елордада көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады

16 маусымда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен Астанаға келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әкімдігінің мәліметінше, 17 маусым күні елордада «Қытай – Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтеді. Оған өңір елдерінің көшбасшылары қатысады. Осыған байланысты қалада бірнеше көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Қай көшелер жабылады?
16–18 маусым аралығында:
- Қабанбай батыр даңғылы – халықаралық әуежайдан Мәңгілік Ел даңғылына дейін
- Мәңгілік Ел даңғылы – Қабанбай батырдан Д. Қонаев көшесіне дейін
- Қонаев көшесі – Мәңгілік Елден Қабанбай батырға дейін
- Қабанбай батыр даңғылы – Қонаев көшесінен Қорғалжын тас жолына дейін.
17 маусым күні:
- Керей, Жәнібек хандар көшесі – Мәңгілік Ел даңғылынан Шерхан Мұртаза көшесіне дейін
- Тәуелсіздік даңғылы – Керей, Жәнібек хандар көшесінен А. Байтұрсынұлы көшесіне дейін
- Сағат 14:00–20:30 аралығында Бейбітшілік пен келісім сарайы маңындағы К. Аманжолов және Ж. Нәжімеденов көшелерінде қозғалыс шектеледі.
Қоғамдық қауіпсіздік
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан өз маршруттарын алдын ала жоспарлап, уақытша белгілерге назар аударуы сұралады. Уақытша шектеулер қоғамдық қауіпсіздік пен қозғалыс тәртібін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр.
«Қаладағы көлік қозғалысын реттеу үшін барлық қажетті жол белгілері орнатылады. Жүргізушілер мен жолаушылардан түсіністік танытып, уақытша қолайсыздықтарға сабырмен қарауды сұраймыз», – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.
Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға соңғы рет 2022 жылы келген болатын. Ол кезде де Астанаға сапары аясында екіжақты келіссөздер мен Орталық Азия мемлекеттерімен бірлескен бастамалар талқыланған еді. Бұл жолғы сапар Қытай – Орталық Азия қарым-қатынасын одан әрі дамытуға бағытталады деп күтіліп отыр.