Қатты ыстықтан республикалық жолдың плиталары көтеріліп кетті
Жолшылар уақытша жол белгілерін орнатты

Республикалық маңызы бар автожолда цементбетон жабынының ақауы жойылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖолға» сілтеме жасап..
«2025 жылғы 12 маусым сағат 18:30 шамасында "Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ ө/п)" республикалық маңызы бар Іб санатындағы автожолының 1265-шақырымында ауа температурасының күрт көтерілуі (+33...+35 °C) салдарынан цементбетон жабынының плиталары көтеріліп кетті», - деп жазылған хабарламада.
Қазіргі уақытта жол қызметі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін уақытша жол белгілерін орнатты.
Учаскеге қажетті техника жіберіліп, жөндеу жұмыстары басталды. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Айта кетері, Қазақстанда былтыр 12 мың шақырым жол жөнделді. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань тас жолдарындағы жаңғырту жұмыстары аяқталды.