Астанадағы автобус апаты: екі аяғынан айырылған қыз балаға автобус паркі қандай көмек көрсетеді
Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр

Астанада Республика даңғылында 2 маусым күні кешке ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Қалалық жолаушылар автобусы жол жиегіндегі бағанаға соғылды. Салдарынан 10 адам зардап шекті. Зардап шеккендерге тасымалдаушы тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Бұл сұраққа жауап алу үшін Azattyq Rýhy тілшісі Астана қаласындағы №1 автобус паркінің баспасөз қызметіне жүгінді.
«Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша сақтандыру және медициналық сараптама өткізіледі. Заңнамаға сәйкес, барлық қажетті рәсім аяқталғаннан кейін зардап шеккендерге ақшалай төлемдер жасалады. №1 автобус паркі заң аясында көмек көрсетіп жатыр, сондай-ақ аса қажет болған жағдайда қосымша көмек көрсету мүмкіндігін жоққа шығармайды», – деп хабарлады тасымалдаушының баспасөз қызметі.
Еске салайық, зардап шеккендердің бірі – 8 жастағы қыз баланың екі аяғы ампутацияланды. Бұған дейін дәрігерлер оның жағдайы туралы хабарлаған болатын. Зардап шеккен қыз баланың отбасына психологиялық көмек көрсетілетіні белгілі болды.