Адам ұрлап, бизнесті басып алған: Алматыда ірі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)
Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, 20 адам ұсталды

Алматы қаласында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ҰҚК департаменті прокуратураның үйлестіруімен ірі қылмыстық топтың жолын кесті. Жедел-іздестіру шаралары барысында жеке күзет мекемесі арқылы әрекет еткен қылмыстық құрылым анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кәсіпкерлерге қысым көрсеткен
Тергеу дерегінше, топ мүшелері шағын және орта бизнес нысандарын толық бақылауға алу мақсатында ойын-сауық орындарының иелеріне физикалық және моральдық қысым көрсеткен. Кәсіпкерлік нысандарды күшпен басып алып, «қауіпсіздік қызметі» атын жамылып заңсыз әрекет еткен.
20 адам ұсталып, қару тәркіленді
Алматы қаласымен қатар Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында 20 күдікті ұсталды. 40-тан астам тінту жүргізіліп, 7 атыс қаруы мен 100-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Оның ішінде кесілген мылтықтар, Макаров тапаншасы мен Калашников автоматы бар.
Бірнеше бап бойынша іс қозғалды
Қылмыстық топқа бұзақылық, бопсалау, адам ұрлау, заңсыз билік жүргізу және денсаулыққа зиян келтіру сияқты ауыр баптармен іс қозғалды. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен оған қатысу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
ІІМ: бизнеске қысым – қатаң бақылауда
Ішкі істер министрлігі бизнеске қылмыстық араласу әрекеттері мемлекет бақылауында екенін атап өтті. Заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытылып, тиісті шаралар қабылданатыны ескертілді.