Қазақстан халқының саны өсті
Бір айда халық саны 19 735 адамға көбейген

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының саны туралы тың мәліметті жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бір айдағы өсім 20 мыңға жуықтады
1 мамырдағы мәлімет бойынша елімізде халық саны 20 353 265 адамға жетті.
2025 жылдың 1 сәуіріндегі деректерге оралсақ, ол кезде елімізде 20 333 530 адам тұрған. Яғни, бір айда халық саны 19 735 адамға өсті.
«Ал жыл басынан бері халықтың жалпы өсімі 69,8 мың адам болды. Оның ішінде табиғи өсім есебінен – 63,4 мың адамға, көші-қон есебінен – 6,3 мың адамға», - деп жазылған хабарламада.
Халық санының ең жоғары өсу қарқыны елордада байқалды. Астана халқының саны көші-қон ағындары есебінен артып келеді. Мәселен, елорда тұрғындарының саны жыл басынан бері 29,7 мың адамға өсті, оның 78,3%-ы көші-қон есебінен.
12 856 783 адам қалада, 7 496 482 адам ауылда тұрады.
Ірі қалалардағы статистика
Еліміздің ең ірі үш қаласында жағдай мынадай:
- Астанада 1 558 501 адам,
- Алматыда 2 310 071 адам.
- Шымкентте 1 271 228 адам тұрады.
Алматыдан кейінгі ең тығыз қоныстанған өңір – Түркістан облысы. Онда 2 151 581 адам өмір сүріп жатыр.
Елімізде 9 946 377 ер, 10 406 888 әйел тұрады.
Айта кетері, жыл басынан бері көші-қонның оң сальдосы 5 өңірде – Алматы және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда – Астана, Алматы және Шымкентте байқалды.