«Шал дейтінмін»: Сәкен Майғазиевтің әйелі қатты әсер еткен оқиғаны айтып берді
Ол қонақтың сөзінен кейін жұбайын «шал» деп шақыруды тоқтатқан

Әнші Сәкен Майғазиев пен оның әйелі Динара Майғазиева не себепті бір-бірін «анасы», «әкесі» деп атап кеткенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Майғазиевтер отбасына қатысты сұрақтарға жауап берді.
«Мен жарымды «анасы» деп атаймын. Бұл кісі «әкесі» деп шақырады. Сосын кейбір адамдар біздің сіз деп сөйлескенімізге миығынан күлуі мүмкін. Бірақ бізге қалыпты жағдай болып кетті. Оның бір себебі бар иә, анасы?», - деп Сәкен Майғазиев сөзді жарына қарай бұрды.
Динара Майғазиеваның айтуынша, әу баста олар бір-бірін «шал», «кемпір» деп атаған.
«Басында бұл кісі мені «кемпір» дейтін. Мен оны «шал» дейтінмін. Бір күні бір кісі қонаққа келді. Сол кісі әйел адамның жолдасы пірі болады, ал ер адамын жоғалтқан кісілерді пірі кем, кемпір деп айтады деді. Соны естігеннен кейін бір-бірімізді қалай атасақ екен деп ойлана келе, «анасы», «әкесі» деп атымызды ауыстырдық», - деп түсіндірді әншінің жары.
«Жанымда жүрсе де, жан жарым болса да халықтың адамы, қайда барса да жасына қармайды, небір үлкен кісілер төрге шығарып жатады. Соның бәрін көзіммен көріп жүргеннен кейін бұл кісілер сіз деп айтуға лайықты ғой деп, сондай шешімге келдім. Жақында бір жерден оқып қалдым. Ерлі-зайыпты бір-біріне сіз деп сөйлесе, зекіп сөйлей алмайды екен. Перде секілді ұстап тұрады екен. Ол да жақсы екен негізі. Сондықтан ұрысты көп естімеймін», - деп күлді Динара Майғазиева.
Әнші де жарының бұл сөзін растап, үйде ұрыс-керіс көп болмайтынын айтты.
«Сіз деп тұрса, ұрыса алмайды екенсің», - деп қалжыңдады Сәкен.
Еске сала кетейік, Сәкен Майғазиев жақында ұлының үйлену тойына екі мың адам шақырып, дүркіретіп өткізетінін хабаралады.
«Біз тойымызға 2000 адам шақырамыз деп отырмыз. Сенесіз бе? Екі мың адам! Біреуі «келемін» дейді, біреуі «көреміз» дейді, біреуі – мүлде үнсіз. Сөйтсек, ең қиын нәрсе кім нақты келетінін анықтау екен. «Келесің бе, келмейсің бе, бір ауыз айтсаңшы» деп айтқың келіп кетеді. Осы сәтте мен түсіндім: келесі жолы өзім шақырту алсам, бірден жауап беремін», - дейді Сәкен Майғазиев.