$ 541.93  636.71  6.83
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бір әңгіме бәрін өзгертті»: Тоқаевтың баспасөз хатшысы әулетіндегі қиындық туралы айтты

Руслан Желдібай мектепте оқып жүргенде тегін өзгерткісі келген

«Бір әңгіме бәрін өзгертті»: Тоқаевтың баспасөз хатшысы әулетіндегі қиындық туралы айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай саяси қуғын-сүргін жылдары Советтік билік өзінің екі атасын белгісіз жерге көме салғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайда жерленгенін ешкім білмейді

«Мектепте оқып жүргенде тегімді өзгерткім келетін. Атамның есімі Егемберді, біздің әулетте көпшілігіміздің тегі солай. Ал менікі арғы атамның тегі. Сол себепті тегімді Егемберді деп жаздырғым келген еді. Бірақ бір әңгіме бәрін өзгертті. Әкем арғы атамның тағдырын айтып берген. Ол кісі дәулетті, елге сыйлы болған екен. 1930 жылдары Советтік биліктің саяси қуғын-сүргініне ұшыраған. Қайда жерленгенін де нақты білмейміз, тек шамамен ғана болжаймыз. Әжемізден де хабар жоқ»,- деп жазды Руслан Желдібай желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, атасы сол кісінің жалғыз ұлы болған, тағдырдың тәлкегімен жетім қалған.

«Нағашы атам да сол қуғын-сүргіннің құрбаны. Апам туған сіңлісінен көз жазып қалып, екеуі арада 40 жыл өткен соң, 1972 жылы ғана бірін-бірі қайта тапқан. Екі атамды да атылғандармен, түрмеде көз жұмғандармен бірге белгісіз жерге көме салған деген хабарымыз бар. Бұл менің ғана емес, мыңдаған қазақ отбасының тағдыры», - деп толықтырды президенттің баспасөз хатшысы.

Ол тарихты ұмытпай, есте сақтау парыз екенін атап өтті. Бірақ өкініш пен ызаға бой алдырмай, болашаққа қарап, мемлекетімізді дамытқан жөн.

«Себебі біз солар армандаған, бірақ жете алмаған Тәуелсіздіктің ұрпағымыз. Ендеше, оның қадірін білу біздің міндетіміз», - деп түйіндеді Желдібай.

Өткен күндердің қасіреті

Еске сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауға шақырды.

«Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет», - деді президент.

Мемлекет басшысы жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды екенін айтты.

«Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары