$ 544.87  639.02  6.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Абай облысында жүргізуші полицей құжатын тексеріп жатқанда қаша жөнелді (ВИДЕО)

Полиция қызметкерлері жол қиылысында қозғалысты бөгеп, құқықбұзушыны ұстады

Абай облысында жүргізуші полицей құжатын тексеріп жатқанда қаша жөнелді (ВИДЕО)
Фото: Azattyq Rýhy

Абай облысында полициядан қашпақ болған жүргізушінің әрекеті сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жүргізуші куәлігі болмаған

Полицияның назарына Volkswagen Golf көлігі ілікті. Рөлінде 21 жастағы жүргізуші болған, құжаттарын тексеру кезінде ол кенеттен қашып кетуді ұйғарған.  

«Белгілі болғандай, жас жігіттің мүлде жүргізуші куәлігі болмаған. Оның салдарын түсінген ол қашуға тырысады. Алайда ұзаққа бара алмады — полиция қызметкерлері шұғыл әрекет етіп, жол қиылысында қозғалысты бөгеп, құқықбұзушыны ұстады», - деп хабарлады облыстық полиция.

Енді ол көлік құралын жүргізу құқығынсыз басқарғаны және полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау міндет екенін, қауіпсіздік жауапкершіліктен басталатынын еске салды.

Полициядан қашқан студент қалай жазаланды

Еске сала кетейік, Ақтауда полициядан көлікпен қашқан жасөспірім ұсталды.

26 мамырда әлеуметтік желіге 26-шағынауданда биік жеңіл көлікті полиция қуып бара жатқан видео тараған болатын. Көлікті Маңғыстау туризм колледжінің 17 жастағы кәмелетке толмаған студенті тізгіндеген.

Колледж директоры Мәзілбек Өтебаевтың айтуынша, студенттер оқуға қабылданған кезде оқу орнының ішкі тәртіп ережелерімен танысып, қол қояды. Бұл ережелер студенттер мен қызметкерлердің мінез-құлық нормаларын, сондай-ақ тәртіптік жаза шараларын қамтиды.

«Тәртіп бұзушылықтың ауырлығына байланысты әртүрлі шаралар қолданылады. Ол әңгімелесуден бастап оқудан шығару шарасына дейін болады. Оқудан шығару – ең ауыр жаза. Егер студент өзін түземесе, ережені және заңды бұзуды жалғастырса ғана осы шара қабылданады. Бұл жолы біз ата-анасын шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға хат жолдап, оны есепке қоюды сұрадық. Ата-анасы баласының көліктің кілтін сұрамай алып кеткенін айтты», - деді Мәзілбек Өтебаев.

 

Директордың айтуынша, колледжде мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Ол студенттің мінезі жақсы, сабаққа қатысады, қазір тәжірибеден өтіп жүр деп сипаттады.

Серіктес жаңалықтары