«Ортақ мәселе көп»: Орталық Азияның психологтары Астанада бас қосты
Білім беру мәселесі де осыған кіреді

Астанада «Орталық Азиядағы психология: даму жолдары мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара университеттің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің психология кафедрасы мен «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының қолдауымен өтті.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Қаринова конференцияның мақсаты – Орталық Азия елдеріндегі психологиялық әлеуетті қолдау екенін айтты.
«Біз осы мәселені алғаш рет халықаралық деңгейде талқылап отырмыз. Бүгін әр тақырыпты қамтитын секцияларда психологиялық талдаулар өтеді. Психология бойынша заң жобасының негіздемесі әзірлену барысында осы конференцияны дәстүрге айналдыру келісілді. Қазір арнайы білімі жоқ коуч, психологтардың саны көбейді. Адамның жан дүниесімен жұмыс істегендіктен, психологқа заңды түрде біліктілік талаптары қойылуы керек», – дейді Қаринова.
Хатшының айтуынша, бұл мәселеде мемлекеттік реттеу мен бақылау да болу керек.
«Еуропалық елдерде білім алып, ресми сертификат иеленгендер де бар. Осы мәселенің барлығын реттеу үшін талқылау қажет. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің халқымен негізіміз бір болған соң, халық арасында да психологиялық ортақ негіз бен ерекшеліктер бар. Елімізде гендерлік теңдікке қатысты көп жоба жүзеге асып жатыр. Мәселен, партия депутаттары 22 депутаттық сауалды әйел мен бала мүддесіне қатысты жолдаған. Елімізде осы мәселеде прогресс бар. Ал әйел мен баланың мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек», – деді ол.
Ауқымды форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей, Түркия және өзге елдердің беделді психологтары мен ғалымдары, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференцияның басты мақсаты – Орталық Азия елдерінде психология ғылымының даму үрдістерін саралап, ғылыми жаңалықтар мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ кәсіби байланыстарды нығайту болды.
Форум аясында қатысушылар психологиялық білім мен практиканың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылап, кәсіби стандарттар мен нормативтік-құқықтық базаға қатысты ұсыныстар әзірледі.