Парагвайдағы фан-клуб Димаштың туған күніне ерекше акция өткізді
Әншінің шетелдегі тыңдармандары әлеуметтік жоба ұйымдастырды

Димаш Құдайбергеннің Парагвай еліндегі ресми фан-клубы 24 мамырда әншінің туған күніне орай Асунсьон қаласында ерекше қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Бұл туралы әншінің ресми сайты жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік жағдайы төмен балаларға қолдау
Акция аясында фан-клуб мүшелері әлеуметтік тұрғыда әлсіз аймақта орналасқан балалар мен жасөспірімдер орталығына барды. Мұнда 200-ге жуық бала вокал мен музыкалық аспаптарда ойнауды үйреніп жүр. Жанкүйерлер балаларға сыйлықтар табыстап, Димаштың шығармашылығы туралы ақпарат берді.
«Балалар Димашты жақсы таниды, оның өнеріне қызығып, шабыт алады. Кейбіреулері тіпті болашақта оны жеке көруді армандайды», – деді фан-клуб өкілдері.
Димаштың туған күні
2025 жылы 24 мамырда әлемге танымал қазақстандық әнші 31 жасқа толды. Осы датаға орай әлемнің бірнеше елінде фан-клубтар түрлі форматтағы мерекелік шаралар мен қайырымдылық жобаларын өткізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласындағы ең ірі экранда Димаштың суреттері шыққаны хабарланған еді.