$ 510.59  578.91  6.37
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Балғамен ұрған»: Шымкентте емші науқастың омыртқасын сындырды

Емшіге барған тұрғын аяғын баса алмай қалған

«Балғамен ұрған»: Шымкентте емші науқастың омыртқасын сындырды
Фото: Azattyq Rýhy

АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Шымкентте емшіге барған науқас жұлынын зақымдап, омыртқасын сындырып алған. Бұл туралы №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Кереуетке жатқызып, балғамен ұрған

Емші ауырып барған адамды емдеудің орнына балғамен ұрып, омыртқасын сындырып жіберген. Ол аздай, жұлынға да зақым келіп, нәтижесінде науқас жүруден қалған.

«Науқастың сөзіне қарағанда, кереуетке жатқызып қойып, балғамен ұрған. Салдарынан екі аяғы жансызданған. Сөйтіп, ертесіне қайта кел деген. Бірақ сол күні кешкісін бізге жедел жәрдеммен жеткізілді», - дейді Бақытжан Позилов.

Дәрігерлер науқасқа тез арада тексеру жүргізіп, омыртқасын сындырып жібергенін анықтаған. Жұлынға да зақым келіпті.

«Науқас бізде бірнеше уақыт жатып, толықтай емделіп шықты. Екі аяғына жан бітті. Үйіне шығарылды», - дейді бас дәрігер.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Ешқандай шағымы жоқ.

Үстінен секіру өте қауіпті  

«Остехондроз, бел омыртқасы, мойын омыртқасы жарықтарында ешқандай дипломы жоқ мамандар әдіс қолданып жатады. Қорқынышты әдістер. Кейде өзім де көремін, үлкен салмақтағы кісілердің белінен ұрып жатады. Үстінен секіріп жатады. Мойнын қытырлады. Бұл өте қауіпті жағдай. Денсаулығыңыз сыр берсе, дәрігерге бару керек. Рентген жасау керек. МРТ түсіру керек. Кез келген ауруды остехондроз екен деп, тоқпақтай беруге болмайды. Омыртқаға, жұлынға зиян», - деп түсіндірді Бақытжан Позилов.

Қазақ ежелден халық емімен түрлі дерт, ауруларды емдей білген. Бұл тұрғыда халық емшілер қауымдастығының мүшесі Мәриям Досбалаева омыртқа аралық остехондрозды ұрып емдеу дұрыс емес деп отыр. Айтуынша, бұл ауруды уқалу арқылы, бал жағып емдеуге болады. Ал ең дұрысы, дәрігерге жүгініп, нақты диагнозға сай ем шараларын қабылдау қажет екен.

Жалпы остехондроз адам талғамайды. Бұл ауру көбінесе жасы 40-50-ден асқан үлкен адамдарда кездеседі. Себебі ағза қартайғанда омыртқа арасындағы дисктер құрғап, иілгіштігін жоғалта бастайды дейді дәрігерлер. Әсіресе, отырып жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері мен жастарда мойын және бел остеохондрозы көптеп кездеседі екен.

Серіктес жаңалықтары