Абай Құнанбайұлының 600-ге жуық жылқысы болған – тарихи дерек табылды
Абай Құнанбайұлының арғы аталары да, әкесі Құнанбай Өскенбайұлы да би, болыс болып, ел басқарған

Кемеңгер ақын, философ Абай Құнанбайұлының көзі тірісінде қанша малы болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұлы тұлғаның болмысын толық тануға мүмкіндік беретін тарихи деректер ұсынды.
Абай Құнанбайұлының арғы аталары да, әкесі Құнанбай Өскенбайұлы да – би, болыс, ел басқарған, сөзі де, өзі де салмақты адамдар болғаны тарихтан мәлім. Осындай отбасында дүниеге келген Абайдың да жастайынан ел ісіне араласып, басқарушылық қабілеті ерте танылды.

Фото: Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы
1915 жылы жарияланған тарихи деректерге сүйенсек, Абайдың иелігінде 593 жылқы (оның ішінде 108 жабағы мен 167 құлын), 51 сиыр, 51 түйе, 1417 қой болған. Бұл – жай ғана мал саны емес. Бұл – қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың көрінісі.
1878 жылы Абай Семейде құрылған облыстық статистика комитетінің толық мүшесі ретінде тіркеліп, өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық, этнографиялық, мәдени жағдайын зерттеуге белсене қатысқан. Бұл комитетке мүше болу – тек атақ емес, ол адамнан белгілі бір дәрежеде сауаттылықты, қоғамның дамуына бейжай қарамайтын көзқарасты талап етті. Абай бұл міндетті абыроймен атқарып, өлкенің дамуына үлес қосты.
«Абайдың мал-мүлкі туралы мәліметтер – жай ғана сандық дерек емес. Бұл – оның тұлғасының жан-жақтылығын, өмір сүрген ортасын, сол дәуірдегі қазақ қоғамының құрылымын тануға мүмкіндік беретін тарихи айғақ», - делінген Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы таратқан хабарламада.