$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Чемпиондық рух»: ел чемпиондары салауатты өмір салтын насихаттауды бастады

Қала жастары мен қоғам белсенділері чемпиондармен бірге жаттығуға қатысып, еркін форматта тілдесуге мүмкіндік алды

«Чемпиондық рух»: ел чемпиондары салауатты өмір салтын насихаттауды бастады
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Алматыда танымал спортшылар мен жастардың қатысуымен ашық жаттығу өтті. Бұл шара «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты қолға алған «Чемпиондық рух» жобасының ресми бастамасы болды. Жобаның басты мақсаты — салауатты өмір салтын дәріптеу және чемпиондардың үлгісінде жастарды спортқа ынталандыру, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін Алматыда еліміздің белгілі чемпиондары мен спорт шеберлерінің қатысуымен таңғы жаттығу өтті. Бұл шара «Чемпиондық рух» жобасының ресми ашылуымен тұспа-тұс келіп, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды бастаманың алғашқы қадамына айналды. Жобаны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар ұйымы қолға алған.

Жобаның негізгі мақсаты – жастарды спортқа баулу арқылы олардың денсаулығын нығайту, өз-өзіне деген сенімін арттырып, жігерлі өмір сүруге шабыттандыру. Жоба аясында тек жаттығулармен шектелмей, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі спорттық және мотивациялық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Alash Pride» клубының негізін қалаушы Данияр Қасқарауов, Алматы облыстық мәслихат депутаты, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу мен грэпплинг бойынша спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек және бірқатар атақты спортшылар қатысты.

Олардың қатарында — 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, гимнаст Нариман Құрбанов, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов, джиу-джитсудан әлем чемпионы, грэпплингтен UWW федерациясының Алматы қаласы бойынша президенті Альберт Алдияров, сондай-ақ UFC жауынгері Асу Алмабаев бар.

Қала жастары мен қоғам белсенділері чемпиондармен бірге жаттығуға қатысып, еркін форматта тілдесуге мүмкіндік алды. Спортшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды алға мақсат қоюға және спорт арқылы табысқа жетуге үндеді.

«Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерованың айтуынша, «Чемпиондық рух» — бұл жай ғана жаттығу емес, жастардың жан-жақты дамуына ықпал ететін кешенді жоба.

«Бұл жоба спорт пен рухты ұштастырып, жастардың тәртіп пен өз-өзіне сенімін арттыруға көмектеседі. Ең маңыздысы – жастар арасындағы агрессияны азайтып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасайды. Бұл – олардың физикалық, рухани және әлеуметтік дамуына сеп болатын бастама», — деді А. Искандерова.

Жобаның амбассадоры, спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров шара аясында ашық аспан астында жаттығу өткізіп, бұқаралық спорттың маңызына тоқталды.

«Бұқаралық спорт – жастардың денсаулығын нығайтумен қатар, қоғамдағы тәртіп пен бірлікті қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Жастарды спортқа тарту арқылы біз олардың өмірге деген көзқарасын өзгерте аламыз», — деді ол.

Таңғы жаттығудағы ең жас қатысушы — 4 жасар Әли. Ол әкесімен бірге жаттығуға белсене қатысып, шараға келгендердің ыстық ықыласына бөленді. Оның спортқа деген қызығушылығы өзгелерге де үлгі болды.

Белсенді қатысушыларға чемпиондардың қолтаңбасы қойылған естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асуда. Алдағы уақытта «Чемпиондық рух» аясында еліміздің түрлі өңірлерінде фитнес жаттығулары, шеберлік сыныптары, мотивациялық кездесулер мен турнирлер өтеді.

Серіктес жаңалықтары