Қазақстаннан Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарының зираты табылды
Павлодар облысы аумағынан венгр әскери тұтқындары жерленген бейіт шықты

Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы «Богатырь Көмір» ЖШС-нің көмір кесіндісі маңынан Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған венгр тұтқындарының зираты табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Құрылыс алаңынан шыққан тарихи дерек
2023 жылы бұл аумақта британ мердігерлеріне арналған құрылыс алаңы бөлінген болатын. Сол кезде 30-ға жуық бетон плита табылған. Екі плитадағы жазуларды анықтау мүмкін болды.
Жазуларды алғаш болып байқаған «Богатырь Көмір» компаниясының жетекші гидрогеологы Нұрболат Құрманғалиев болған.
«Басында жазулар ағылшын тілінде деп ойладық. Бірақ аудармашы оны венгр тілі деп анықтады. Содан соң Екібастұзда венгрлер қалай пайда болғанын зерттей бастадым. Сөйтсем, бұл Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары екен», – дейді ол.
Венгр тұтқындарының Сібірге жер аударылуы
Архивтік деректерге сәйкес, Австро-Венгрия армиясының тұтқынға түскен мыңдаған жауынгері Сібірге жіберілген. Соның ішінде 5000-ға жуық адам Павлодарға, ал шамамен 700-і Экибастұзға көмір шахталарында жұмыс істеуге келген.
Ауыр еңбек пен қиын жағдайдан көпшілігі қайтыс болып, жұмыс істеген маңда жерленген.
Жасанды интеллект көмегімен анықталған есім
Плиталардағы жазбаларды анықтауға павлодарлық археолог Иван Трухин атсалысып, жасанды интеллект алгоритмдерін қолданған.
- Бір плитада Иосиф Селаси есімі анықталған. Ол – 1898 жылы Будапештте туған венгр, 1918 жылы Екібастұзда қайтыс болған.
Бұл – Қазақстандағы аз зерттелген тарихи парақтардың бірі. Мамандар бұл бейітті ресми түрде ескерткіш ретінде тіркеуді және тарихи мұра қатарына қосуды ұсынып отыр