Қазақтар осыны түсінбесе, ешқашан байымайды – қаржыгер
Ішкі тұрақсыздық, өзіңе өтірік айту, жоқ болса да бар етіп көрсету жақсылыққа апармайды

Қаржыгер, «Қаржылық шапалақ» курсының авторы Күнекей Нұржан журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында қаржылық жағдайына қарамай, тапқан-таянғанын тойға жұмсайтын адамдардың ешқашан байымайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кіріс-шығысқа талдау жасау керек
«Жалпы мен қазақтың тойын жақсы көремін. Бірақ өзіңіздің кіріс-шығысыңызға талдау жасамай, анау мені бай екен деп ойласын деп кредитке той жасау дұрыс емес. Бұл адамның психологиялық жағынан проблемасы бар екенін көрсетеді. Ұят болады, туыс не айтады деп жатады, ертең кредитті төлей алмай жүрсең, ондай туыстың қажеті не?», - деп ой тастады Күнекей Нұржан.
Ол қаржылай саутты адам ең алдымен реалист болуы керектігін атап өтті.
«Өзің шынайы болмай, мен баймын, күшті көлігім бар, батаға 50 мың, саған сыйлыққа 100 мың теңге деп тарата берсең, одан кейінгі жағдайың не болады? Сол 50 мың теңгені кредитке алып қойған шығарсың. Егер құрбың сенің жағдайыңды біле тұра тойға шақырса, сен оған «айналайын, менің жағдайым жоқ, саған тойға сыйлық жасай алмаймын» деп шыныңды айт. Сол кезде құрбың «менің қуанышымды бөлісші, ешқандай ақшаң керек емес деп айтады. Бұл – қоршаған ортаның фильтрі. Қазақтар осыны түсінбесе, ешқашан байымайды», - деп толықтырды қаржыгер.
Оның айтуынша, ішкі тұрақсыздық, өзіне-өзі өтірік айту, жоқ болса да бар етіп көрсету жақсылыққа апармайды.
Ақша табу үшін ұстаным қандай болу керек
«Көп ер адамдар массаж жасап ақша тауып отыр. Еркек бола тұра, аяққа массаж жасап жүрсің деп оларды ешкім кемсітпейді. Әрекет ету, ақша табу норма болу керек. Бұл – нарықтық экономиканың ұстанымы. Сондықтан біздің идеологияда біреу табыс тапса, оны кемсітпей қолдау керек. Егер біреу жағдайы болмай, сенің тойыңа келе алмай қалса, оған қолдау жасап, жарайды келмей-ақ қой немесе қуанышымды бөліссең, сол да жетеді деген жөн», - дейді Күнекей Нұржан.
Еске сала кетейік, бұған дейін отандық өнер жұлдыздарының бір тойдан алатын гонорары еліміздегі орташа жалақыдан 10 есе артық екенін жазған болатынбыз. Тойдағы ең қымбат әншілердің бірі — Қайрат Нұртас. Оны тойға шақыру үшін 5 миллион теңгеңіз болуы керек. Той-бизнестің жарқын өкілі Нұрлан Еспанов араларында ең арзаны екен. Оның өзі 1 миллион 200 мың теңгеге тойыңызда қонақ болып, өнерін паш етуге дайын.
Оқи отырыңыз: