Отыз сегіз жыл түрмеде жазықсыз отырған ер адам ақталып шықты
Нағыз қылмыскер әлі іздестіріліп жатыр

Ұлыбританияда әділетсіз үкіммен 38 жыл түрмеде отырған Питер Салливанның ісі қайта қаралып, жаңа ДНҚ сараптамасының нәтижелері негізінде сот үкімі жойылды. Бұл туралы елдің апелляциялық соты ресми мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Солтүстік Англиядағы Уэйкфилд түрмесінде отырған 68 жастағы Салливан видео байланыс арқылы сот отырысына қатысты. Шешімді естіген сәтте ол көз жасына ерік берді.
«Құдай куә, шындық адамды азат етеді делінген. Өкінішке қарай, маған жасалған әділетсіздіктің қашан шешілетіні ол жерде жазылмаған. Мен ашулы да, ызалы да емеспін», – деп оқып берді оның сөзін адвокаты.
Салливан 1987 жылы Ливерпуль маңындағы Бебингтон қаласында 21 жастағы гүл сатушы Дайан Синдаллды өлтірді деп айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Қыз тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген. Ол 1986 жылдың тамыз айында жұмысынан үйіне қайтып бара жатқанда жоғалып кеткен. Кейіннен оның зорланған және аяусыз соққыға жығылған денесі аллеядан табылған болатын.
Ол кезде шәуһатты дәл зерттеу мүмкіндігі болмаған. Алайда 2024 жылы жүргізілген жаңа ДНҚ сараптамасы денеден табылған шәуһаттың Салливанға тиесілі емес екенін анықтады.
«Жәбірленушіге зорлық жасаған адамның ДНҚ-сы табылды, және ол Салливанға тиесілі емес. Бұл – оның кінәсіздігін нақты дәлелдейтін факт», – деді қорғаушы Джейсон Питтер.
Прокурор апелляцияға қарсылық білдірмей, егер мұндай дәлелдер бастапқы тергеу кезінде қолжетімді болғанда, Салливан ешқашан айыпталушы ретінде танылмас еді деген ұстаным білдірді.
Мерсисайд полициясы бұл істі қайта тергеп жатқанын мәлімдеді. Олар қылмыскерді анықтау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға ниетті.
Мұндай жағдай бұған дейін АҚШ-тың Оклахома штатында да тіркелген болатын. Онда ер адам 50 жыл түрмеде отырғаннан кейін кінәсіз деп танылып, босатылған еді. Бұл оқиға АҚШ тарихындағы ең ұзақ мерзім әділетсіз сотталған және кейін ақталған жағдай ретінде тіркелді.