Қазақстан мен Иордания арасында келер жылы тікелей әуе рейсі ашылады
Талғат Ластаев пен Иордания елшісі кездесті

Қазақстан мен Иордания арасында 2026 жылдан бастап тікелей әуе рейсі ашылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Иордания Хашимит Корольдігінің елшісі Хамза Әл-Омари мырзамен кездесті.
Бұған дейін, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың ақпан айында Иордания Хашимит Корольдігіне сапарының қорытындысы бойынша Иордания тарапы Қазақстанға ұшуды бастауға ниет білдірді.
«Кездесу барысында тараптар әуе қозғалысы туралы келісімге қол қою мүмкіндігін қарастырып, елдер арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін талқылады. Хамза Әл-Омари мырза сонымен қатар «Royal Jordanian» әуе компаниясының 2026 жылдың маусымынан бастап аптасына 2 рейс жиілігімен Қазақстанға тікелей рейстерді орындау жоспарлары туралы хабарлады. Өз кезегінде Қазақстан тарапы қолданыстағы келісімдер аясында әуе рейстерін ашуға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, тараптар елдер арасындағы теңіз кемелерінің экипаж мүшелерінің дипломдарын өзара тану туралы келісімге қол қою мерзімдері туралы келісті», - делінген Көлік министрлігі хабарламасында.