Қазақстанның қай өңірінде жалақы жоғары екені анықталды
Осы жылдың алғашқы тоқсанында жалақының медианалық мәні 300 307 теңгені құрады

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы I тоқсанда бағалау бойынша жалақының медианалық (жалақы қатарының орталық деңгейі) мәнін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, осы жылдың алғашқы тоқсанында жалақының медианалық мәні 300 307 теңгені құрады. Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы атаулы жалақының орташа мәні 2025 жылғы I тоқсанда 423 133 теңге болды, бұл былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 10,7% артық.
«2024 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғар өсімі ақпарат және байланыс 31,3%, ауыл, орман және балық шаруашылығы 17,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс 16,1% салаларында байқалды. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 6,2%, білім беруде орташа айлық жалақы көлемі 6,1% өсті.
Өңірлік бөліністе 2024 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2025 жылдың I тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Ұлытау облысында 19,4%, Қостанай облысында 14,6%, Алматы қаласында 14,2% және Павлодар облысында 13,5% тіркелді», - делінген бюро хабарламасында.