Қазақстанда әрбір он бірінші қыз интернетте танысқан бейтаныс адаммен кездесуге барған - ресми статистика
Оқушылардың интернетте өзгелермен қарым-қатынасы алаңдаушылық тудырған

Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігіне қатысты ауқымды зерттеу жүргізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл зерттеудің нәтижелері 2025 жылдың мамыр айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жарияланды.
Зерттеу аясында еліміздің 1200 баласы қамтылған. Олардың арасында:
- Әрбір оныншы бала – интернетте белгісіз адамға өзінің фотосын жіберген;
- Балалардың 3%-ы – бейтаныс адамдармен ұзақ уақыт бойы байланыс жасаған.
Бұл көрсеткіштер балалар арасындағы онлайн қауіпсіздік мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова статистикалық мәліметтерді мысалға алды.
«Әрбір он бірінші қыз бала интернет кеңістігінде танысып, бейтаныс адаммен нақты өмірде кездесуге барған. Бұл — ата-аналар мен педагогтар үшін ескерту болуға тиіс», – деді ол.
Спикердің айтуынша, мұндай қауіптің алдын алу үшін ата-аналар мен тәрбиешілер балалармен сенімді қарым-қатынас орнатып, онлайн әрекеттеріне жіті назар аударуы керек.
«Отбасының бұл жағдайдағы құндылығы мен маңыздылығы біз үшін басым мәнге ие», – деп түйіндеді Насымжан Оспанова.