Қарағанды облысында бұрынғы ауыл әкімі қыз зорлады деп айыпталып отыр
Тергеу басталды

Қарағанды облысында ерлі-зайыптылар бұрынғы ауыл әкімін қызымызды зорлады деп айыптады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Патриот» басылымына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, университетті жаңа бітірген қыздары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдық әкімдікке жұмысқа орналасқан. Қызметке тұруға көмектескен — отбасының көптен бергі досы, сол ауыл округінің әкімі.
«Біз — ішкі істер органдарының ардагеріміз. Қызымыз Айтолқын Букетов атындағы университетті бітірді. Сол кезде ауыл әкімі Нұрлан Сейілбеков үйге келіп, қызымызды жұмысқа орналастыруды ұсынды. Ол көтерме ақы мен қызметтік үй болатынын айтты. Біз сендік», — дейді ата-анасы.
Қыз ауылға қызметке орналасып, ата-анасына демалыс күндері барып тұрған. Біраз уақыттан кейін ол жүкті екенін айтып, болашақ жары ретінде жігітін таныстырған. Бірақ әкім ол жігіттің сотталғанын және қарыздары бар екенін айтып, отбасын тойдан бас тартуға көндірген. Қыз бала бұл жағдайдан кейін қан кетіп, жүктілікті үзуге мәжбүр болған.
«Кейін қыз ағасына хабарласып, көмек сұраған. Сол кезде ол өзінің әкіммен болған қатынасы мен зорлықты алғаш рет айтып берген. Айтуынша, 2024 жылдың қаңтарында әкім түнде «қауіпсіздік үшін» қыздың үйінде қонуға рұқсат сұрап, сол түні алғаш рет зорлық жасаған. Кейін кешірім сұрап, ешкімге айтпауды өтінген. Содан бастап жүйелі түрде қызды пайдаланған», — деп жазады басылым.
Ата-анасының айтуынша, әкімнің қысымынан кейін қыз психологиялық тұрғыдан әлсіреп, оның айтқанын бұлжытпай орындап жүрген. Ол әкімге сыйлықтар алу үшін несие де рәсімдеген. Тіпті қызметтік көлікке шина мен әкімге телефон, смарт-сағат сатып алып берген. Бұл заттарды қыздың әкесі өз көзіммен көргенін айтады.
Оқиға туралы құқық қорғау органдарына хабарланғанымен, тергеу жұмыстары өте баяу жүргізілген. Зардап шегушінің айтуынша, оны ер адамдар бірнеше рет тергеген. Бұл оның психикалық жағдайына кері әсер еткен.
Ресми мәлімет бойынша, аталған жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түріндегі шешім қабылданған. Қазіргі уақытта әкіммен байланыс орнатуға және түсініктеме беруге тыйым салынған.