Астанадағы әскери парад қалай өтті (ФОТО)
Парадта 4 мыңнан астам әскери қызметкер сап түзеп өтті

Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Парад сәттері бейнеленген ресми фотосуреттерді Ақорда жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Салтанатты шеруге елорданың басты алаңы — «Қазақ елі» алаңы куә болды. Онда еліміздің Қарулы Күштерінің барлық түрінен 4 мыңнан астам әскери қызметкер сап түзеп өтті.
Парадта 200-ден астам әскери техника көрсетілді. Олардың қатарында 66 ұшу құрылғысы да бар.
Көпшілік назарына механикаландырылған колоннаның әсерлі маршы ұсынылды. Алғаш рет зениттік-зымыран кешендері — «Бук» пен «Тор», сондай-ақ доңғалақты жаңа жауынгерлік машиналар: «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» пен минасыздандыруға арналған роботты арнайы көліктер көрсетілді.
Аспаннан түсірілген кадрлар әскери-транспорттық A-400 ұшағының, жеңіл жолаушыларға арналған L-410 және патрульдік Bi-300 ұшақтарының ұшу сәтін бейнелейді.
Сонымен қатар парад барысында Қазақстанда жасалған заманауи авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері көрсетілді.