$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Оңтүстік өңірлерде егіс науқаны аяқталуға жақын — АШМ

Оңтүстік өңірлерде егіс науқаны аяқталуға жақын — АШМ
Фото: pixabay

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында көктемгі егіс науқаны аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні республика бойынша 2,1 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері игерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жұмыстар агротехникалық мерзімге сай жүргізілуде. Ең көп егіс алқабы Түркістан облысында — 449,2 мың гектар, Жамбыл облысында — 306 мың гектар, Жетісу облысында — 292,6 мың гектар, ал Алматы облысында — 187,9 мың гектар жерге егін егілген. Сонымен қатар, басқа өңірлерде де дала жұмыстары басталды: Шығыс Қазақстан облысында — 156,3 мың га, Абай облысында — 138,8 мың га, Қостанай облысында — 85 мың га, Ақмола облысында — 74,8 мың га, Қызылорда облысында — 52,5 мың га, Павлодар облысында — 56,9 мың га жерге дән себілген.

«Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында маңызды агротехникалық шаралар атқарылды: 16,7 млн гектарға ылғал жабылды, 6,1 млн гектарға алдын ала өңдеу, 1,7 млн гектарға көктемгі жырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 942,1 мың гектарға дәнді дақылдар, 492 мың гектарға майлы дақылдар, 242,8 мың гектарға мал азығы дақылдары себілді. Сонымен қатар, мақта (118,8 мың га), көкөніс (71,8 мың га), бақша (57,7 мың га), картоп (32,5 мың га), қант қызылшасы (15,6 мың га) мен күріш (26,3 мың га) егілу үстінде», — делінген хабарламада.

Егіс науқанын уақытылы әрі тиімді өткізу үшін 866,8 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалған. Дизель отынына 401 мың тонна бөлініп, литрі 254 теңгеден (нарық бағасынан 15% арзан) ұсынылуда.

2025 жылға тұқым қажеттілігі 2,3 млн тоннаны құрайды, оның 100%-ы қамтамасыз етілген. Зертханалық тексеріс нәтижесінде тұқымдардың 99%-ы стандартқа сай деп танылған.

Серіктес жаңалықтары