Соңғы рет Нұра өзенінің маңынан көрген: Ақмола облысында 6 жасар бала жоғалып кетті
Ол үйінен шығып қайта оралмаған

30 сәуірде Қорғалжын аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан 2019 жылы туған ұлы Қалмырза Жандәулеттің жоғалып кеткені туралы арыз түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анасының айтуынша, бала сағат 19:00 шамасында үйден шығып кеткен, бірақ содан қайта оралмаған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бала жоғалған күні оны Нұра өзенінің маңынан көрген адамдар болған. Алайда одан кейін оның қайда кеткені белгісіз болып отыр.
Қалмырза Жандәулеттің сипаттамасы:
- Жасы: 6 жаста (2019 жылы туған)
- Дене бітімі: арық
- Шашы: қара
- Көзі: қоңыр
- Киімі: қызғылт сары түсті кофта, қара түсті трико, қоңыр кроссовка
Жергілікті БАҚ хабарлағандай, қазіргі уақытта полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, еріктілер мен жергілікті тұрғындар іздеу жұмысына жұмылдырылған.
Іздеу барысында баланың болуы мүмкін аумақтар, оның ішінде Нұра өзенінің жағалауы мұқият тексеріліп жатыр.
Ақмола облысының полиция департаменті азаматтардан қырағылық танытуды сұрайды. Егер Жандәулеттің жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат болса, 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне дереу хабарласу қажет.