$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Саран қаласында сатушыны пышақтап өлтірген ер адам 23 жылға сотталып кетті (ВИДЕО)

Қанды оқиға биыл қаңтар айында болды

Саран қаласында сатушыны пышақтап өлтірген ер адам 23 жылға сотталып кетті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысының Саран қаласында ақша ұрламақ болып сатушыны пышақтап өлтірген адам сот үкімімен 23 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық сот мәліметінше, 22.01.2025 жылы шамамен сағат 07.40-та ер адам ашық түрде ақша ұрлау мақсатымен Саран қаласының Юность көшесінде орналасқан «Береке» шағын-маркетіне келіп, дүкенде басқа сатып алушылардың жоқтығына көз жеткізіп, сатушыдан темекі сұраған. Содан кейін ақшасын ұмытып кеткендей болып шыға беріске қарай бет алған, шағын маркеттің сыртқы есігін жауып, қайта ішке кірген. Оң қолында аңшылық пышақпен сатушы үстеліне қарай бет алып, оның артына өтуге әрекеттенген. Осы кезде сатушы оның әрекетін көріп, итеріп, белсенді қарсылық көрсете бастаған. Өз кезегінде ер адам ниетін соңына дейін жеткізу мақсатында дүкеншінің кеудесі мен іш жағына пышақ сұғып алған.

Жәбірленушінің қарсылығын басқаннан кейін, ер адам  сатушы үстелі артына өтіп, кассалық аппараттан 180 000 теңге көлемінде ақшаны жымқырып, қылмыс орнынан бой тасалап кеткен. Сатушы пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

«Соттың үкімімен ер адам айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 23 жылға бас бостандығынан айыру және жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалды.

Ер адамның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Оған тағылған айыптың ең ауыр бабының, яғни ҚК-тің 99-б. 2-б. 8-т. санкциясы бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жаза тағайындау кезінде сотпен жасалған қылмыстардың ауырлығы, жәбірленуші тараптың пікірі және сотталушының жасаған әркетіне деген қатынасы ескерілді. Сондай-ақ, жәбірленуші тараптың азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан 180 000 теңге көлемінде материалдық және 20 миллион теңге көлемінде моральдық залал өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген облыстық сот хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Саран қаласындағы сұмдық қылмыс оқиға болып, қарақшы сатушы әйелді аяусыз пышақтап өлтіргені хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары