Алматыда бойжеткен пәтеріне от қоямын деп өзі бірге өртеніп кете жаздады
Бойжеткенді полицейлер құтқарып қалды

Алматы қаласында бойжеткен пәтерін өртеп, артынан өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Қыз баланы полиция қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматыда «Буран-242» патрульдік полициясының экипажы өз-өзіне қол жұмсамақ болған жас келіншекті құтқарып, қайғылы оқиғаның алдын алды.
Оқиға 30 сәуір күні сағат 20:30 шамасында болды.
«102» қызметіне, бойжеткен тұрғын үйлердің біріндегі пәтерге қамалып, өрт жасауға әрекеттеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
«Куәгерлердің айтуынша, әйел өте тұрақсыз эмоционалды күйде болған және өзіне, басқаларға зиян келтіруі мүмкін еді. Оқиға орнына дереу «Буран-242» патрульдік полициясының экипажы жетті. Бойжеткен отырған пәтер екінші қабатта болған. Есікті ешкім ашпады, ал кіреберістен күйік иісі сезілді.
Полиция дереу әрекет етуді ұйғарды. Патрульдік полиция қызметкерлерінің бірі көрші пәтер арқылы самалдыққа кіріп, сол жерден үйдің ішіне кірген. Қыз бала жуынатын бөлмеде ес-түссіз жатқан. Залдың ортасында еденде шүберектер мен маталар жанып жатты», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Полицейлер жәбірленушіні тез арада таза ауаға шығарып, келген дәрігерлерге тапсырды.
«Біз жоғары көтерілген кезде, кіре берісте қатты күйік иісі сезілді. Ойланып тұруға болмайтынын түсіндік. Өрт сөндірушілерді күту немесе есікті ашу тым ұзаққа созылатын еді. Сондықтан көршілер арқылы кіруді ұйғардық», - деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция Полкінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Қайсар Жеңіс.
Олардың шешуші әрекеттерінің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алып, адам өмірін сақтап қалу мүмкін болды.
«Біз автоматты түрде әрекет еттік. Ең бастысы қыз балаға тезірек жетуіміз керек болды. Пәтерге кірсем, ол ес-түссіз жатыр екен, ал өрт кез келген кезде лаулауы мүмкін еді. Үлгергеніміз жақсы болды», - деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция Полкінің аға инспекторы, полиция капитаны Жармұханбет Ибатдолда.