СҚО-да су тасқыны кезінде үйлерді ұры-қарыдан күзетуге Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері СҚО-ның су басқан аймағында қоғамдық тәртіпті күзетуде

Солтүстік Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен Тепличное және Большая Малышка ауылдарында Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау және ұрлық-қарлықтың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, күн сайын су басқан аймақта 50 әскери қызметші патрульдік қызмет атқарады. Олардың басты міндеті – су басқан аумақтарға рұқсатсыз адамдардың кіруіне жол бермеу, төтенше оқиғалар кезінде жедел әрекет ету. Ұландықтар қоғамдық тәртіпті сақтау барысында жергілікті билік өкілдерімен және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, тұрғындардың қауіпті аймақтарға өтуін немесе суға түсіп кетуін болдырмау үшін сақтық шаралары қолға алынған.
«24 сәуірден бері Ұлттық ұлан Академиясының 800-ден астам курсанты мен 6637 әскери бөлімінің 400-ге жуық әскери қызметшісі СҚО-да бөгеттерді нығайту және қорғаныс шептерін тұрғызу жұмысына тартылды.
Сондай-ақ, Есіл өзенінің тасуы салдарынан бұзылған Большая Малышка ауылы маңындағы бөгетті 100-ден аса әскери қызметші қайта бітеп, бекіту жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыс тәулік бойы үздіксіз атқарылып, жағдай өзгерген сайын жедел әрекет етілуде.
Әскери қызметшілер бүгін де тәулік бойы қызмет атқарады. Олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су басқан аумақтардағы мүлікті күзетуде», - делінген Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.