Абай облысында екі кәсіпкер заңсыз құм өндіріп, 150 млн теңге тапқан
Олар мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде залал келтірген

Абай облысында заңсыз құм өндіріп, 150 млн теңге тапқан екі кәсіпкер істі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Абай облысындағы екі кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс аяқталды. Олар 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың қазаны аралығында Семей қаласы аумағында лицензиясыз құм өндіріп, оны сатқан. Нәтижесінде күдіктілер заңсыз түрде 68 мың тоннадан астам құм өндіріп, мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде залал келтірген.
Кейіннен құрылыс материалдарын өндіруші зауыттарға құмды өткізу жалған сәйкестік сертификаттарын пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылған. Оны сатудан түскен қылмыстық табыс 150 миллион теңгеден асты.
«Күдіктілер осы қаражаттың бір бөлігін фронтальды тиегіш сатып алуға жұмсап, қосымша 6,2 миллион теңге мөлшерінде табыс тапқан.
Соттың санкциясымен күдіктілердің 181 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған мүлкіне тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Мүліктердің қатарында 11 автокөлік, 2 пәтер, жер учаскесі және 17 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық қарыз бар.
Іс айыптау актісін бекіту үшін прокурорға жолданды», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.