Оралда балконнан секірмек болған әйел құтқарылды
Полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды

Орал қаласында полицейлер төртінші қабаттың балконынан секірмек болған әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Кердері көшесінде болған. Хабарлама түскен бойда патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жағдайды жылдам бағалап, кәсіби әрі үйлесімді әрекет еткен.
«Полиция қызметкері Райымбек Ғазезов төменде қалып, әйелмен байланыс орнатып, оның назарын басқа жаққа аударуға тырысты. Осы уақытта оның әріптестері — Берік Сиязбаев, Фархад Ғалиев және Мирас Каримуллин үшінші қабатқа көтеріліп, балкон арқылы төртінші қабатқа шыққан», — делінген хабарламада.
Үйлесімді әрі жедел әрекеттің арқасында тәртіп сақшылары әйелді дер кезінде ұстап қалып, қайғылы жағдайдың алдын алды.