Үйір жылқысын іздеп шыққан: төрт қазақстандық жолда киік аулаймын деп сотталып кетті
Олардың мемлекетке келтірген шығыны 143 миллион теңгеден асады

Түркістан облысының тұрғындары жоғалған үйір жылқысын іздеуге шығып, жолай ақбөкен аулауға бел буған. Саятшылық құрған олар енді бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облысынан Ұлытау өңіріне мотоцикл мінген төрт адам; олар жоғалған жылқы табын іздеді. Олар өздерімен бірге аңшы мылтықтарын алып кеткен.
Ешқандай мал таппаған олар жолда ақбөкен аулауға бел байлады. Жойылып бара жатқан жануар түрін аулауға тыйым салынғанын білгенімен, 15 киік аңын атып алған.
Браконьерлер мүйіздерін алып, етін көлікке тиеген.
Осы әрекеті арқылы мемлекетке келтірген шығыны 143 миллион теңгеден асады. Олар өз кінәларын мойындап, келтірілген шығынды өтеп берді.
Төртеуі де сот алдына келді. Олардың әрқайсысы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оларға бес жылға аң аулауға тыйым салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.