$ 518.34  591.06  6.27
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үкімет мемлекет басшысының жолдауында айтылған «Тауарлы несие» туралы бағдарлама әзірлемеген – Саиров

Ерлан Саиров ауыл шаруашылығына қатысты несие саясаты мен фермерлердің қиындықтарын көтерді

Үкімет мемлекет басшысының жолдауында айтылған «Тауарлы несие» туралы бағдарлама әзірлемеген – Саиров
Фото: AMANAT

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында шекаралық аудандардағы ауыл шаруашылығын дамыту, фермерлерді қаржылай қолдау және «Тауарлы несие» бағдарламасын іске асыру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарының шекаралық аудандарынан ауыл шаруашылығын қолдауға қатысты жергілікті азаматтар жиі өтініш білдіреді. Олар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығына қатысты тапсырмасына сәйкес «тауарлы несие» бойынша нақты шаралар қабылдауды сұрап отыр.

«Бүгінгі күні Үкімет мемлекет басшысының жолдауында айтылған «Тауарлы несие» туралы бағдарлама әзірлемеген», – дейді депутат.

Ерлан Саиров ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдетілген несиелерге қатысты бірқатар жүйелі проблеманы атап өтті:

  • Несие пайыздық мөлшерлемесі мен төлем кестесінің сыртында жасырын талаптардың көптігі;
  • Кепілдікке қойылатын талаптардың тым жоғары болуы – ауылдағы үйлер мен қора-қопсы кепіл ретінде танылмайды немесе төмен бағаланады;
  • Субсидиялануы тиіс пайыздық үстемелердің бюджет тапшылығы салдарынан шаруаларға жүктелуі.

Депутат жеңілдетілген несие – коммерциялық пайда табу үшін емес, нақты салаларды дамыту үшін берілетін қолдау екенін еске салды.

Саировтың айтуынша, үкімет 2025 жылға дейін «Даму» қоры арқылы 1,7 трлн теңге көлемінде кемінде 30 мың ШОБ жобасын қаржыландыруды жоспарлап отырғанын айтқанымен, бұл жоспар нақты бағдарламалармен қамтылмаған.

«AMANAT» фракциясы бұл бағдарламалар шекаралық аудандар фермерлеріне де қолжетімді болуы тиіс деп санайды.

 «Ауыл Аманаты» бағдарламасының халық арасында кең қолдау тапқанын атап өтіп, «тауарлы несие» бағдарламасын шұғыл қабылдап, іске қосу керек. Бұл – 65 ауданда тұратын 3,4 миллион азаматтың тағдыры», – деді депутат.

Оның пікірінше, бұл бағдарлама шалғай ауылдағы фермерлердің тауарлық несиеге қолжетімділігін қамтамасыз етіп, даму институттары тарапынан несие беру үрдісін нақты қалыптастыруды көздеуі тиіс. Сонымен қатар, бағдарламаның іске асырылуы ашықтық пен жариялылық принциптеріне сай жүргізілуі тиіс.

Серіктес жаңалықтары