Әскери киіммен пранк жасап, үрей тудырғандарды жауапқа тарту керек – Мақсат Толықбай
Ол бірқатар мысал келтірді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы Саденовтің атына депутаттық сауал жолдап, қоғамдық қауіпсіздікті бұзатын және халық арасында үрей тудыратын оқиғаларға байланысты нақты шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат былтыр қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Полаттың ісіне қатысты даулы сәттерге тоқталды. Оның айтуынша, күдіктілер уақытша ұстау изоляторында жағдайы жайлы өмір сүріп, телефон ұстап, музыка тыңдап, қоғамда әділетсіздік жайлы пікір туындатқан.
«Қаскөйлер анасы мен әжесінің көзінше баланың жүрек тұсына пышақ сұғып, артынша мылтықтың дүмімен ұрған. Ал ананы тағы екі қылмыскер ұстап тұрған. Бұл сұмдық емес пе?» – деді депутат.
Оның айтуынша, Шерзаттың өліміне қатысты сот онлайн форматта өтуде, бірақ бастысы – әділ шешім шығуы.
Мақсат Толықбаев жуырда Меркіде болған оқиғаны да ерекше атап өтті. Шетелдік байкерге жанармай бекетінде екі рет пышақ салып кеткен шабуылдың бейнежазбасы қоғамда резонанс тудырды. Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайлар Қазақстанның халықаралық имиджіне үлкен нұқсан келтіреді.
«Бейнекамераға түсіп жатқанда адамға пышақ сұғу – бұл тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігіне қатысты мәселе», – деп атап өтті ол.
Депутат бүгінде желіде кең таралған пранктердің қауіптілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жалған төбелес, пышақтасу және арнайы жасақтың атынан әрекет ететін пранкерлер адамдарды үрейге салып, құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіреді.
«Пышақ ала жүгірген адамның шын ба, пранк пе екеніне қарап тұруымыз керек пе? Арнайы жасақтың киімін киіп, жалған құжатпен адамдарды кісендеп алып кетіп жатыр. Бұл – қалжың емес, бұл – қылмыс», – деді депутат.
Мақсат Толықбаев Ішкі істер министрлігінен:
- Мұндай контент авторларын анықтап, қатаң ескерту жасауды,
- Олардың қолындағы қару мен жабдықты тәркілеуді,
- Арнайы жасақ киімін заңсыз қолдануға тыйым салуды талап етті.
«Қоғамды қауіпті қылып көрсеткендерді жүгендейтін уақыт келді», – деді ол.