$ 513.74  569.17  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбеде жол саласына жауапты шенеунік 35 млн теңге жымқырған

Заңсыз әрекеті үшін ол ұзақ жылға сотталып кетті

Ақтөбеде жол саласына жауапты шенеунік 35 млн теңге жымқырған
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«Ақтөбе қаласының жол қозғалысы және цифрлық технологиялар қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» КММ директоры ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлаймын деп сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Антикор мәліметінше, Ақтөбе қаласының № 2 соты «Ақтөбе қаласының жол қозғалысы және цифрлық технологиялар қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» КММ директоры А.Тілмағамбетовке қатысты үкім шығарды.

«Ол жеке кәсіпкер А. Кусумовпен келісе отырып, жалған мемлекеттік сатып алу шартын жасасу және жол белгілерін қою бойынша көрінеу орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы 35 млн теңге иемденгені анықталды. Бұл ретте, заңнама талаптарын бұза отырып, жұмыстарды сатып алу бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған.

Бұдан басқа, Тілмағамбетов мердігер ұйымдармен өздерінің кепілдік міндеттемелері аясында орындалуы тиіс жол таңбаларын салу жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу арқылы 237 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жұмсаған.

Сот шешімімен Тілмағамбетовке 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет ету құқығынан айырылды.

Сол үкіммен оның сыбайласы Кусумов коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген Антикор хабарламасында.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетерлігі, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Серіктес жаңалықтары