Ғалымдар ең зиянды шайды атады
Оны үнемі қолдану бауырға кері әсер етеді

Ғалымдар көк шайды ең зиянды шайдың қатарына жатқызып, оны сақтықпен ішуге шақырды. Бұл туралы Today.ua басылымы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бір қызығы, көпшілік бұл сусынды ағзаға ең пайдалы сусын деп санайды. Көптеген адам оны салмақ тастауға және денсаулығын жақсартуға пайдаланады. Сондай-ақ қан қысымы жоғары адамдарға ұсынып жатады.
Израильдегі Kaplan медициналық орталығының ғалымдары көк шайдың бауырға ең зиянды сусын екенін анықтады. Оны үнемі тұтыну ағзаның жұмысына теріс әсер етеді. Бұл дерек беделді халықаралық GastroHep журналында жарияланды.
Зерттеуді жүргізген профессор Стивен Мельник көк шайдың ағзаға қатты зақым келтірмейтінін айтады. Дегенмен бауырдың жұмысын нашарлататын көрінеді.
Шай жапырақтарында бауырға кері әсер ететін ботаникалық токсиндер бар. Компоненттер шайды ағзаға түсетін заттарды сүзуге және ыдыратуға жауапты орган үшін ең зиянды сусынға айналдыруы мүмкін. Олар тіпті сау адамдар үшін де қауіпті.
Көк шайдың белсенді қосылыстары басқа тағамдармен және сусындармен әрекеттеседі. Ғалымдар оны дәрі-дәрмек пен түрлі тағамдық қоспаларды қабылдағанда бірге қолданбауға кеңес берді.
Стивен Мельниктің айтуынша, көк шайды шамадан тыс тұтыну бауыр жеткіліксіздігінің дамуына әкеледі. Зерттеуші шайды жиі және көп мөлшерде ішетін адамдарға қандай да бір белгі пайда болған жағдайда дереу дәрігерге хабарласуға кеңес берді.