Қанат Ислам намибиялық боксшымен болған жекпе-жекте қолын сындырып алған
Ол соңғы 4 раунд сынған қолымен жұдырықтасты
Алматыда өткен бокс кешінде намибиялық Уолтер Каутондокваны жеңген жерлесіміз Қанат Ислам жекпе-жек кезінде оң қолын сындырып алған деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Qazaq Promotion» компаниясы өкілінің айтуынша, қолын сындырып алған Қанат қарсыласына ауыр соққылар жұмсай алмаған. Боксшының оң қолының сынып кеткенін командасы 7-раундта біліпті. Алайда, жекпе-жекті соңына дейін өткізуге рұқсат берген.
Айта кетейік, 10 раундқа созылған кездесуде төрешілердің шешімімен Қанат Ислам жеңіске жетті. Жекпе-жектен кейін дәрігерлер оны дереу ауруханаға апарып, қолына гипс салған.
«Саусағы емес, оң қолы сынған. Алтыншы раундтан кейін проблема басталды. 7-10 раунд Қанат Ислам сынық қолмен жұдырықтасты. Білек сүйегін түнде гипстеді. Екі боксшы да допинг тапсырды. Нәтижесі бір айдан кейін белгілі болады. Қанат қазір өз өзіне келіп жатыр. Басқа ақпарат бере алмаймын», - деді «Qazaq Promotion» компаниясының баспасөз хатшысы Дана Хасенова.
35 жастағы Қанат Ислам үшін бұл кәсіпқой бокстағы 27-ші кездесуі. Оның барлығында жерлесіміз жеңіске жеткен.