Бейнеудегі оқушылардың жаппай улануы: асхана қызметкерлері медициналық тексеруден өтпеген
Мамандардың айтуынша, асханада уақытылы ылғалды тазалау жүргізілмеген

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылындағы мектеп оқушыларының жаппай улануынан кейін жүргізілген тексеріс нәтижесінде асхана қызметкерлерінің бірінен стафилококк бактериясы табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаевтың мәліметінше, орта мектептегі тағам блогына жүргізілген зерттеу барысында 10 қызметкердің бірі стафилококк тасымалдаушысы екені анықталған. Сондай-ақ, екі қызметкер міндетті медициналық тексеруден уақытында өтпеген.
«Лабораториялық сараптамалар дайын тағамдардың 6 үлгісінен зиянды бактерияларанықтаған. Сонымен қатар, қоймаларды мақсатсыз пайдалану фактілері тіркелген — мысалы, көкөністерге арналған қоймада астық дақылдары сақталған», — дедінген хабарламада.
Тағы бір маңызды бұзушылық — тоғыз түрлі беткейлік сынамадан ішек таяқшалары тобына жататын бактериялар табылған. Мамандардың айтуынша, асханада уақытылы ылғалды тазалау жүргізілмеген, қабырғаларда жарықтар болған — мұның бәрі санитарлық талаптарға қайшы.
«Барлық материалдар полицияға жолданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастау туралы шешім қабылданады. Асхана уақытша жабылды, оқушылар сабақты жалғастыруда»,— деді Мұхтар Сербаев.
Еске салайық, 3 сәуір күні Бейнеу ауылындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары улану белгілерімен ауруханаға түскен еді. Санэпидбақылау мамандары шұғыл түрде мектеп асханасынан сынамалар алып, тексеріс бастаған болатын.