$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанадағы LRT күзде сынақтан өтеді: Бектенов инспекция жүргізді

LRT құрылысы қарқынды жалғасып жатыр

Астанадағы LRT күзде сынақтан өтеді: Бектенов инспекция жүргізді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астанада LRT құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Бұл — еліміздегі ең ауқымды әрі ұзақмерзімді инфрақұрылымдық жобалардың бірі.  Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапары барысында құрылыс барысымен танысып, жобаның алғашқы сынақтық іске қосылуы биылғы қыркүйекте басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы №112 станциясының құрылыс алаңында болып, эстакада, аспалы көпір және барлық станциялардың темірбетон құрылымдарының аяқталғанын көрді. Қалада LRT жобасына қажетті шпал өндіру желісі іске қосылған — бүгінге дейін 87,6 мың шпалдың 35 мыңнан астамы дайындалған. Бұл үшін жоғары беріктігі бар В-55 маркалы бетон және алдын ала керілген арматура технологиясы қолданылады. Қазірдің өзінде 2 шақырым рельс жолы төселген.

Құрылысқа қазіргі таңда 2 мыңға жуық маман жұмылдырылған, ал жаз айларында олардың саны 5 мыңға дейін артады. Қыркүйек айында жолаушысыз сынақтық режим іске қосылады. Бұл кезең халықаралық GoA4 стандартына сай шамамен 6 айға созылады.

Жоба Қытайдың China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. LRT-ге арналып барлығы 19 төрт секциялы пойыз жасалмақ. Әр пойыз 650 адамды тасымалдай алады. Олар 36 монитор, 11 бейнекамера және автоматтандырылған жүргізушісіз басқару жүйесімен жабдықталады. Пойыздар алюминийден жасалған, дөңгелектері эластикалық, терезелері көпқабатты, ал орындықтары — беріктігі жоғары органосиликатты былғарыдан жасалған.


Жобаның тағы бір бөлігі — LRT бойындағы қалалық кеңістікті абаттандыру. Әуежай мен Рысқұлов көшесі аралығында жасыл желек, автоматты суару жүйесі, балалар және спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары мен веложолдар салынады. Вокзал-2 маңында жолақы тұрақтары мен көгалдандыру қарастырылған.

Сапар аясында премьер-министр «Тұран» газ жылу станциясының құрылысымен де танысты. Бұл нысанның екінші кезеңінің 98%-ы аяқталған. Жаңа қуаты 600 Гкал/сағ дейін жетіп, оны елдегі ең ірі жылу станциясына айналдырды. Ол Есіл мен Нұра аудандарын, сондай-ақ 2 млн шаршы метрге жуық тұрғын және әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді.

Алдағы уақытта Астанада жалпы қуаты 1310 Гкал/сағ болатын бірқатар жаңа жылу жобалары жүзеге асырылады. Оған ТЭЦ-2-дегі №7 және 8 қазандықтарын енгізу, газ станцияларын салу жоспарланған.

Олжас Бектенов елорда халқының қарқынды өсіп жатқанын, сондықтан заманауи, сенімді көлік пен жылу инфрақұрылымын алдын ала қалыптастырудың маңызын атап өтті.

«LRT мен «Тұран» жылу станциясы сынды кешенді жобалар Астанада жайлы өмір сүру деңгейін арттырып, қаланың ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашады»,– деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары