Ақтауда бес күнде үш сәби терезеден құлап кетті
Олардың екеуі есін біледі, дәрігерлер балалардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр

Кейінгі бес күнде Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына терезеден құлаған үш бала түскен. Дәрігерлер ата-аналарды қырағы болуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап
Маңғыстауда көктем келісімен балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кеткен. Сәуір айының бес күнінде Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасына ауыр жарақатпен үш бала түскен.
Бұл туралы балалар ауруханасының нейрохирургі, жоғары санатты дәрігер Ербол Кенжевалов мәлімдеді.
3 сәуірде жедел жәрдем көлігі 19-шы шағын ауданнан төрт жасар қызды әкелді. Ол шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Диагностикадан кейін шұғыл түрде операция үстеліне жеткізілді. Қазір баланың жағдайы өте ауыр, бірақ жағдайы жақсаруда.
6 сәуір күні кешке Маңғыстау станциясынан төртінші қабаттан құлап кеткен бес жасар бала түскен. Дәрігерлер жабық бассүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, жамбас сүйегінің сынуы, сол жақ жамбастың ығысуы арқылы сынуы деген диагноз қойды.
7 сәуірде кешкі уақытта жедел жәрдем ауруханаға 3 жас 7 айлық баланы әкелді. Ол 22-шағын аудандағы ғимараттардың бірінің бесінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Бала жерге жетпей, үшінші қабаттың терезе алды тақтайына түскен. Оған жабық бассүйек-ми жарақаты, маңдай сүйегінің сынуы, мидың орташа контузиясы, оң жақ білегінің жабық сынуы деген диагноз қойылды.