«Қарағандының көшелерін маньяк кезіп жүр»: полиция түсініктеме берді
Хабарлама ақпарат мессенджерлер арқылы тарап жатыр

Желіде Қарағанды қаласының көшелерін маньяк кезіп жүргені туралы ақпарат тарады, осыған қатысты облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік ПД мәліметінше, Қарағанды облысының тұрғындары арасында қалада маньяк жүр деген жалған ақпарат мессенджерлер арқылы таратылуда.
«Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Қарағанды облысы Полиция департаменті мессенджерлер, әлеуметтік желілер және басқа да ақпараттық ресурстар арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан сабыр сақтауды, үрейге бой алдырмауды және тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін Таразда қолына балға ұстаған маньяк жүргені туралы ақпарат тараған болатын.